
ЕҰУ мен Цинхуа университеті стратегиялық серіктестікті нығайтуға ниетті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қытай Халық Республикасының Цинхуа университетінің делегациясымен кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – екі университет арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды одан әрі нығайту, сондай-ақ халықаралық білім беру кеңістігіндегі өзара ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылау.
Жиын барысында ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов университеттің халықаралық байланыстары мен серіктестік әлеуеті туралы айтты.
«Еуразия ұлттық университеті әлемнің 500-ден астам жетекші университетімен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық орнатқан. Халықаралық әріптестік бізге білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, ғылыми зерттеулердің аясын кеңейтуге және студенттер мен оқытушыларға жаңа мүмкіндіктер ұсынуға жол ашады. Цинхуа университетімен өзара байланысты дамыту екі тарап үшін де маңызды стратегиялық қадам деп санаймыз», – деді ол.
Өз кезегінде Цинхуа университеті кеңесінің вице-канцлері Ян Бинь қазақстандық студенттердің білім деңгейіне жоғары баға беріп, ЕҰУ түлектерінің әлеуетін ерекше атап өтті.
«Бүгінде Цинхуа университетінде Қазақстаннан келген 30-дан астам студент білім алуда. Олардың академиялық жетістіктері мен кәсіби даярлығы жоғары деңгейде екенін байқаймыз. Бұл Еуразия ұлттық университетінде берілетін білімнің сапасын көрсетеді. Сондықтан ЕҰУ-дың бакалавриат бағдарламаларын тәмамдаған түлектердің біздің университеттің магистратура және докторантура бағдарламаларында оқуын жалғастыруына әрдайым қуаныштымыз», – деді Ян Бинь.
Кездесу аясында делегация мүшелері университеттің білім беру және ғылыми инфрақұрылымымен танысып, халықаралық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, аймақтану, тұрақты даму және инновациялар салаларындағы бірлескен зерттеулердің перспективалары талқыланды.
Айта кетейік, Цинхуа университеті – Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласындағы Хайдянь ауданында орналасқан әлемдегі жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Бүгінде Цинхуа халықаралық рейтингтерде тұрақты түрде жоғары орындарға ие болып, ғылым, технология және инновация салаларындағы жетістіктерімен кеңінен танылған.
Университет Қытайдың жоғары білімді дамытуға бағытталған бағдарламалары «Project 211», «Project 985» және «Double First-Class Construction» бастамаларының қатысушысы.
Қазіргі уақытта Цинхуа университетінің құрамында 21 мектеп пен 59 факультет жұмыс істейді. Онда жаратылыстану және техникалық ғылымдардан бастап гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарға дейінгі кең ауқымды бағыттар бойынша мамандар даярланады. Атап айтқанда, университетте инженерия, ақпараттық технологиялар, медицина, құқықтану, экономика, менеджмент, тарих, философия және өнер салалары қарқынды дамып келеді.
