
ЕҰУ-дың бітіруші курс студенттері «Келешек мектептері» жобасына қатысу үшін құзыреттерін бағалаудан өтті

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жас педагогтерді іріктеу және кәсіби қолдау жұмыстарын жалғастыруда.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен Қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілі: екі шетел тілі бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша 64 бітіруші курс білім алушылары қатысты.
Тестілеу барысында қатысушылардың пәндік құзыреттері мен әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары бағаланады. Нәтижесінде әрбір қатысушы үшін кәсіби профиль қалыптастырылып, ол мектеп директорларына жас маманның әлеуетін бағалауға, оның бейімделу үдерісін тиімді ұйымдастыруға және одан әрі кәсіби даму траекториясын айқындауға мүмкіндік береді.
Бағалау нәтижелері career.orleu.edu.kz платформасында орналастырылады. Бұл – жас педагогтерді ашық әрі тиімді іріктеуге арналған заманауи цифрлық жүйе. Платформа «Келешек мектептері» директорларына қолжетімді және өңірлік сұранысқа, пәндік бағытқа және кандидаттардың кәсіби даярлық деңгейіне сәйкес мамандарды іріктеуге мүмкіндік береді.
