
ЕҰУ-да EMBA бағдарламасының түлектеріне дипломдар табысталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Үздіксіз білім беру институты жүзеге асырған «ESG және тұрақты даму» және «Көшбасшылық 5.0: корпоративтік басқарудағы цифрландыру және жасанды интеллект» білім беру бағдарламалары бойынша Executive MBA түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті.
Аталған бағдарламалар қазіргі экономиканың сын-қатерлеріне тиімді бейімделе алатын, тұрақты даму қағидаттарын енгізетін, цифрлық трансформация мен инновациялық корпоративтік басқаруды жүзеге асыратын жаңа буын басқарушыларын даярлауға бағытталған. Іс-шараға құрметті қонақ ретінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқасы жанындағы корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің төрағасы Қамбар Омаров және ұлттық кеңес төрағасының орынбасары Жардем Құрманғазиев қатысты.
Executive MBA бағдарламасы аясында 30 магистрант оқуын сәтті аяқтады. Түлектердің қатарында Қазақстан, Қырғызстан және Түрікменстан республикаларының түрлі салаларындағы жетекші ұйымдардың топ-менеджерлері мен басқарушы мамандары бар. Атап айтқанда, олар ҚР Президенті Әкімшілігі, «Теңізшевройл», «Samruk Business Academy», «KMG PetroChem», «Қазтеміртранс» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Қазақстан Агро Инновациялық корпорациясы және өзге де ұйымдарда қызмет атқарады.
ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай түлектерге диплом табыстай отырып, бағдарламалардың маңыздылығын атап өтті.
«Сіздер бүгін тек диплом алып тұрған жоқсыздар, болашақ көшбасшылыққа жол ашатын маңызды құжатқа ие болдыңыздар. Executive MBA бағдарламасын аяқтау – кәсіби мансаптағы маңызды кезең. Бұл білім сіздерге цифрлық экономика мен жаһандық өзгерістер жағдайында стратегиялық міндеттерді тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. ЕҰУ жаңа буын көшбасшыларын даярлауға бағытталған бағдарламаларды дамыта отырып, жетекші білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайтуды жалғастырады. Биыл университетіміз 30 жылдық мерейтойын атап өтуде, осы уақыт ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл – прорфессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер, білім алушылар және сіздер сияқты түлектердің ортақ еңбегінің нәтижесі», – деді проректор.
Өз кезегінде Executive MBA бағдарламасының түлегі Жаслан Азенов университетке алғыс білдіріп, алған тәжірибесімен бөлісті.
«Ең алдымен, Еуразия ұлттық университетіне зор алғысымды білдіремін. Әрбір ауқымды жетістік сенімді негізден басталады. Біз үшін бұл негіз – университеттің сапалы академиялық ортасы, жоғары беделі мен үздіксіз дамуға жетелейтін серпіні болды. Шынайы көшбасшылық – тек нәтижеге қол жеткізу емес, ол – өз ісіңмен қоғамда із қалдыру. Осы ұстанымды қалыптастыруға және кәсіби тұрғыда шыңдалуымызға ықпал еткен ұстаздарымыз бен менторларымызға ерекше ризашылығымды білдіремін», – деп атап өтті түлек.
Еуразия ұлттық университеті алдағы уақытта да заманауи талаптарға сай білім беру бағдарламаларын дамытып, бәсекеге қабілетті, кәсіби мамандар даярлауды жалғастырады.
