
ЕҰУ туризм кафедрасы Баянауылға туристік бағыт ұйымдастырды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығы және Баянауылдың 200 жылдығы аясында «Туризм» кафедрасы «Бабалар жолы» атты 2 күндік туристік-экскурсиялық маршрутты әзірлеп, жүзеге асырды.
Маршрут Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туристік әлеуетін тарихи-мәдени және табиғи туризмнің бірегей нысаны ретінде зерделеуге бағытталды. Тур қатысушылары өңірдің бай табиғи мұрасымен, көрікті ландшафттарымен және тарихи-мәдени ескерткіштерімен танысты.
Сапар барысында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесі мен мұражайы, қасиетті бұлақтар, сондай-ақ Баянауылдың негізгі табиғи нысандары - Сабындыкөл мен Жасыбай көлдері, «Қоңыр әулие» үңгірі, «Кемпіртас» жартастары және басқа да туристік локациялар қамтылды.
Өңірдің мәдени мұрасын насихаттауға ерекше көңіл бөлініп, бұл өңірде дүниеге келген көрнекті тұлғалардың, атап айтқанда Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жаяу Мұса және Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен шығармашылығы таныстырылды.
Аталған маршрутты жүзеге асыру ішкі туризмді дамытуға және туристік тәжірибені жетілдіруге елеулі үлес қосты. Турға әртүрлі сала өкілдері қатысып, өз өтінімдері негізінде сапарға қосылды. Бұл тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді. Қатысушылар туристік маршруттарды ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысып, өңірдің туристік әлеуетін бағалап, бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді қалыптастырудың заманауи тәсілдерімен танысты.
«Туризм» кафедрасы инновациялық туристік маршруттарды әзірлеу және туризм саласына заманауи, тәжірибеге бағытталған тәсілдерді енгізу бағытында жұмыстарын жалғастыруда.
