
ЕҰУ студенттері - Бішкек пен Красноярск қалаларындағы халықаралық PR-конкурстардың көшбасшылары









Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасы кезекті рет халықаралық кәсіби аренада жоғары әлеуетін дәлелдеді. «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасының студенттері Орталық Азия мен Ресейдің беделді коммуникациялық форумдарынан қатар жеңіспен оралып, университеттің халықаралық имиджін асқақтатты.
Кафедра студенттері жыл сайын халықаралық кәсіби додаларға қатысу арқылы өзіндік дәстүрі қалыптасқан жоғары көрсеткіштер динамикасын тұрақты сақтап келеді. Университет намысын Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы Алғалиева Гульназым Сакеновнаның жетекшілігімен құрамында Елеужан Азия, Елеужан Алика, Мурзагалиева Аружан, Орынбасар Сымбат және Магзумова Жаннур бар «NOMAD» командасы қорғады.
Айта кету керек, Гульназым Сакеновна көптеген жылдар бойы студенттерді осындай халықаралық байқауларға дайындап, жүйелі түрде жеңіс тұғырына бастап келеді. Оқытушының көпжылдық тәжірибесі мен кафедраның іргелі теориялық мектебінің бірігуі нәтижесінде «NOMAD» командасының жеңісті жолы биыл да кәсіби деңгейде өз жалғасын тапты.
«NOMAD» командасы өзінің конкурстық маусымын Бішкек қаласында өткен «Жоогазын-2026» ұлттық жарнама және қоғаммен байланыс фестивалі аясындағы халықаралық олимпиададан бастады. Студенттер практикалық кейстерді шешуде жоғары кәсібилік пен креативті ойлау қабілетін танытып, I орынды иеленді. Бұл жеңіс ЕҰУ-дың білім беру сапасының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте айқындады.
Фестиваль қорытындысы бойынша, Жүсіп Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетінің ректоры Д. Чонтоев тарапынан Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың атына ресми Алғыс хат жолданды. Хатта университеттің «Жоогазын-2026» фестиваліне белсенді қатысқаны үшін ризашылық білдіріліп, ЕҰУ студенттерінің кәсіби даярлығының жоғары деңгейі, шығармашылық тәсілдері мен коммуникация саласына деген шынайы қызығушылықтары ерекше атап өтілді. Бұл халықаралық деңгейдегі мойындау екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық және кәсіби байланыстардың нығая түскенін айғақтайды.
Қырғызстандағы жеңістен кейін команда Ресейдің ең ірі кәсіби алаңдарының бірі – «Неделя PR и рекламы на Енисее 2026» фестиваліне қатысып, Ресейлік 25 командадан марапаттардың тұтас шоғырын жинады.
I дәрежелі дипломдар:
«NOMAD, ЕНУ» командасы - «Синяя шишка» Бүкілресейлік коммуникациялық жобалар байқауында «Апогей» компаниясының кейсін үздік шешкені үшін;
Елеужан Алика - Красноярск қалалық №20 клиникалық ауруханасының кейсін шешіп, «Шешімдердің креативті өңделуі және көзқарасқа сәйкестігі» номинациясы бойынша;
Елеужан Азия - Красноярск қалалық №20 клиникалық ауруханасының кейсін шешіп, «Шешімдердің креативті өңделуі және көзқарасқа сәйкестігі» номинациясы бойынша;
Елеужан Азия Азаматқызы – «Зерттеудің өзектілігі» номинациясы бойынша;
Елеужан Алика Азаматқызы – «Қоғаммен байланыс технологиялары» секциясы бойынша.
II дәрежелі дипломдар:
Магзумова Жаннур - «PR и реклама: традиции и инновации» конференциясының «Қоғаммен байланыс технологиялары» секциясы бойынша;
Мурзагалиева Аружан - «Қоғаммен байланыс технологиялары» секциясы бойынша (Ғылыми жетекшісі: Г.С. Алғалиева);
«NOMAD» командасы - «СУЭК - Красноярск» АҚ кейсін шешкені үшін;
«NOMAD» командасы - «Енисейская территориальная генерирующая компания (ТГК-13)» ААҚ кейсін шешкені үшін.
III дәрежелі дипломдар:
«NOMAD, ЕНУ» командасы - Бүкілресейлік студенттер олимпиадасының финалында аумақтық брендинг бойынша командалық байқауда;
«NOMAD, ЕНУ» командасы – «Синяя шишка» байқауында «Енисей-СТМ» РК және «ТС Командор» кейстерін шешкені үшін;
«NOMAD» командасы – Аумақтық брендинг бойынша командалық байқауда;
«NOMAD» командасы - Постерлер байқауы (III орын).
Студенттердің бұл жетістіктері – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың білім беру бағдарламаларының тиімділігі мен кафедраның оқытушылық-профессорлық құрамының жоғары академиялық деңгейінің тікелей көрсеткіші. Болашақ PR мамандары нақты бизнес-кейстермен жұмыс істеу арқылы өздерінің практикалық дағдыларын халықаралық сарапшылар алдында жоғары деңгейде қорғап шықты. Жеңіс құтты болсын!
