
«ENU: NEW STRATEGY»: ЕҰУ-да даму басымдықтары айқындалуда













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңа Даму стратегиясын әзірлеу тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған «ENU: NEW STRATEGY» стратегиялық сессия-конвенті өтті.
Сессияға негізгі стейкхолдер топтарының өкілдері қатысты: университеттің басқарушы құрамы, профессорлық-оқытушылық және ғылыми қауымдастық, жұмыс берушілер, түлектер, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ магистранттар мен докторанттар.
Қатысушылар қатарында - Әділхан Киршимбеков, Стратегиялық жоспарлау, кадрлар және сыйақылар жөніндегі комитеттің төрағасы; Әлібек Мадибеков, Жоғары білім беруді дамыту орталығының директоры; Сильвана Стефани, Қасиетті Жүрек Католик университетінің (Италия) профессоры; сондай-ақ жұмыс берушілер өкілі Айгерім Құлжа, «KazAeroSpase» ЖШС.
Сессия модераторы - стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов.
Қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде ректор Ерлан Сыдыков ЕҰУ-дың дамуындағы негізгі бағдарларды, оның трансформациясының басым бағыттарын және халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыру міндеттерін айқындады.
Сессия аясында THE компаниясының консультанты Эмми Роуз алдын ала талдау нәтижелерін ұсынып, университеттің Times Higher Education World University Rankings халықаралық рейтингіндегі позицияларына әсер ететін негізгі факторларды көрсетті.
Конвенттің мазмұндық бөлігі университет дамуының негізгі бағыттары бойынша құрылды: ғылыми қызмет және коммерцияландыру, академиялық сапа және үздіксіз білім беру, халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру, цифрлық трансформация, инфрақұрылым мен студенттік ортаны дамыту, сондай-ақ басқару, адами капитал және қаржылық тұрақтылық.
Бағыттар бойынша жұмыс барысында қатысушылар ЕҰУ-дың 2021–2026 жылдарға арналған Даму стратегиясын іске асыру бойынша аналитикалық материалдарын ұсынып, негізгі сын-қатерлер мен өсу нүктелерін айқындады, сондай-ақ жаңа Стратегияға арналған бастапқы бастамаларды ұсынды.
Барлық ұсыныстар мен сараптамалық пікірлер «Strategic Hub» цифрлық платформасында тіркеліп, кейінгі талдау үшін жинақталды.
Стратегиялық сессия-конвент ЕҰУ-дың жаңа Даму стратегиясын қалыптастыру үдерісін бастап, негізгі стейкхолдерлердің ұсыныстары мен сараптамалық пікірлерін жинауға мүмкіндік берді.
Іс-шараны ұйымдастыру және үйлестіру жаңа Даму стратегиясын қалыптастыру аясында ЕҰУ-дың Стратегиялық даму департаментімен қамтамасыз етілді.
