
ЕҰУ-да өткен халықаралық алаңда әдебиеттану мен филологиялық зерттеулердің дамуы талқыланды













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Әскербекқызының 60 жас мерейтойына арналған «Заманауи әдебиеттанудың теориялық мәселелері және структуралистік-феноменологиялық зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның мақсаты - ғалымның ғылыми мұрасын кеңінен насихаттау, жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру және ұлттық әдебиетке деген құрметті күшейту.
Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері, Қазақстан Жазушылар одағы мен Шығыс Қазақстан, Абай облысы әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен және отандық жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев модераторлық еткен жиын барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Премьер министрінң орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның лебіздері оқылды, сондай-ақ Астана қаласы, Абай және Шығыс Қазақстан облысы әкімдері мен туған жері Тарбағатай ауданының құттықтаулары табыс етілді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтауын Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор м.а. Абзал Талтенов жеткізді.Конференцияда Жанат Әскербекқызының ғылым мен әдебиетке қосқан үлесі жоғары бағаланып, университет ғылыми кеңесінің шешімімен ЕҰУ-дың ең жоғары марапаты – «Гумилев» медалі табыс етілді.
Конференцияда мерейтой иесінің ғылыми, педагогикалық және шығармашылық жолы жан-жақты сөз болып, оның отандық әдебиеттану ғылымын дамытуға қосқан үлесі, жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұстаздық еңбегі ерекше аталып өтті. Қаламгер шығармашылығына арнайы баяндамалар жасалып, «Құмыр – құс үні», «Көркем мәтіндегі актанттық модель» атты қос кітабының тұсауы кесілді.
«Менің асқаралы 60 жасыма арналған «Заманауи әдебиеттанудың теориялық мәселелері және структуралистік-феноменологиялық зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуі және дәл бүгін ЕҰУ-дың ең жоғары наградасы – «Гумилев» медалінің берілуі мен үшін үлкен қуаныш және сол үшін университет ректоры Ерлан Бәтташұлына, филология факультетінің еңбек ұжымына алғысым шексіз», - деді қорытынды сөз алған Жанат Әскербекқызы.
Пленарлық отырыстан кейін іс-шара «Қазіргі қазақ поэзиясындағы авторлық қолтаңба: поэтикалық және көркемдік жүйе», «Заманауи әдебиеттанудағы структуралистік-феноменологиялық зерттеулер», «Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы антропология және мифология», «Филологиялық зерттеу бағыттары» тақырыбында төрт секция бойынша жалғасты.
Сонымен қатар, мерейтой аясында Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театрында» ақын шығармашылығына арналған поэтикалық-музыкалық қойылым және арнайы көрме ұйымдастырылып, деректі фильм көрсетілді. Елімізге танымал, өнерде жүрген інілері мен шәкірттері Серікзат Дүйсенғазы, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Балғынбек Имашев арнау өлеңдерін айтып, шығармашылық жиынның шырайын кіргізді.
