
«Бәйтерек» Ғылыми студенттік қоғамы: зерттеушілердің жаңа буынын қалыптастыру

Экономика және туризм жоғары мектебінің ғылым онкүндігі аясында туризм кафедрасында «Бәйтерек» ғылыми студенттік қоғамы - жастардың ғылыми әлеуетін дамыту платформасы: 10 жылдық қорытындылар және жаңа мақсаттар» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Экономика және туризм жоғары мектебі директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, PhD доктор, доцент м.а. Әділ Төлепов ашып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Ол жастардың ғылымға қызығушылығын арттыру, студенттердің зерттеушілік қабілетін дамыту және ғылыми бастамаларды қолдау білім беру кеңістігіндегі маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Дөңгелек үстелге «Бәйтерек» ғылыми студенттік қоғамының мүшелері, қоғамның негізін қалаушы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Б. Сыздықбаева, Туризм кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Л. Муталиева, қоғам жетекшісі, аға оқытушы З. Темиралиева қатысты.
Іс-шара барысында Б. Сыздықбаева қоғамның құрылу тарихы мен даму жолына тоқталса, З. Темиралиева ғылыми студенттік қоғамның мақсат-міндеттерін таныстырып, соңғы 10 жылда атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды есеп ұсынды.
Сонымен қатар, 1-курс «Туризм» білім беру бағдарламасының студенті Анель Маратқызы ғылымға студенттік көзқарас тұрғысынан өз пікірімен және тәжірибесімен бөлісті.
Дөңгелек үстел студент жастардың ғылыми белсенділігін арттыруға, ғылыми ізденіс мәдениетін қалыптастыруға және «Бәйтерек» ғылыми студенттік қоғамының алдағы даму бағыттарын айқындауға арналған маңызды пікір алмасу алаңына айналды.
