
ЕҰУ-нің 11 білім беру бағдарламасы САААЕ-де мамандандырылған аккредиттеуден өтуде















08–09 сәуір күндері университетте Орталық Азия білім жүйесін аккредиттеу қауымдастығының (САААЕ) Сыртқы сараптау комиссиясының сапары өтуде.
Сапар сәулет-құрылыс, көлік-энергетика, механика-математика факультеттерінің, Физика-техникалық ғылымдар институтының және Экономика және туризм жоғары мектебінің 11 білім беру бағдарламасын мамандандырылған (қайта) аккредиттеу аясында жүзеге асырылуда: 6В02120 – Графикалық дизайн, 6В07314 – Қала құрылысын жоспарлау және кадастр, 6В07118 – Электр энергетикасы, 6В07117 / 8D071117 – Жылуэнергетика, 7М07121 – Жасыл энергетика технологиялары, 7М06307 – Криптология, 7М05308 – Медициналық физика, 7М05309 – Радиациялық қауіпсіздік, 8D07140 – Наноматериалдар және нанотехнологиялар, 7М04125 – Менеджмент.
САААЕ Сыртқы сараптау комиссиясының құрамына шетелдік және отандық академиялық қауымдастық өкілдері, жұмыс берушілер мен студенттер кірді.
Комиссия төрағасы - Юрий Пак, техника ғылымдарының докторы, А. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры. Шетелдік сарапшы - Айнагүл Убукеева, Қ. Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінің сапа, тәжірибе және мансап бөлімінің басшысы.
Қазақстандық сарапшылар құрамына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті сияқты еліміздің жетекші университеттері және басқа да жоғары оқу орындарының оқытушылары енді:
Шынар Мусиралиева, физика-математика ғылымдарының кандидаты, «Киберқауіпсіздік және криптология» кафедрасының профессор-зерттеушісі, Криптология және киберқауіпсіздік ҒЗИ директоры, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы қ.);
Жандос Шыныбай, PhD, қауымдастырылған профессор, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті (Алматы қ.);
Гүлнара Курманова, экономика ғылымдарының докторы, «Кадастр» кафедрасының профессор міндетін атқарушы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті (Астана қ.);
Алмар Жұмабеков, PhD, ғылым жөніндегі декан орынбасары, Торайғыров университеті;
Елена Феоктистова, PhD, аға оқытушы, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (Өскемен қ.);
Мөлдір Дүйсенбаева, PhD, «Физика» кафедрасының меңгерушісі, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті (Қарағанды қ.);
Бауыржан Ысқақов, экономика ғылымдарының кандидаты, «Бизнес-әкімшілендіру» кафедрасының профессоры, «Тұран-Астана» университеті (Астана қ.).
Білім беру бағдарламаларын сыртқы бағалау процесінде жұмыс беруші – техника ғылымдарының кандидаты, «GREEN THERMAL ENERGY» ЖШС жобасының жетекшісі Талғат Жақыповтың, сондай-ақ студенттік қауымдастық өкілі – «Тұран-Астана» университетінің 3-курс студенті Рахым Чалабаевтың қатысуы маңызды рөл атқарады.
Сарапшылар тобының жұмысын САААЕ сыртқы байланыстар және стратегиялық даму жөніндегі директоры Жақсылық Салқараев үйлестіреді.
Комиссия сапар бағдарламасына сәйкес жұмысының бірінші күні университет басшылығымен, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілерімен, факультет декандарымен және бөлім меңгерушілерімен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында қаржылық жоспарлау, басқару және сапаны қамтамасыз ету, оқу үдерісін және оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру, білім алушыларды қолдау жүйесі мен тәрбие жұмысы, ғылыми-зерттеу қызметі және халықаралық ынтымақтастық, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын іске асыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар сарапшылар аккредиттелетін білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын факультет, кафедраларды аралап, университеттің ішкі нормативтік және өзге де құжаттарымен танысты.
