
ЕҰУ-да Озық материалдар зертханасы ашылды

















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физика-техникалық ғылымдар институтында Озық материалдар зертханасының (Advanced Materials Laboratory) ашылу рәсімі өтті. Сонымен қатар Еуразия ұлттық университеті жанындағы Физика-техникалық ғылымдар институты, RI Instruments and Innovation (Үндістан) және «ТСК Восток» ЖШС (Қазақстан) өзара серіктестік жөнінде меморандумға қол қойды.
Ғылым күніне орай дәстүрлі онкүндік аясында өткен салтанатты шараға ЕҰУ Қаржы және инвестициялар жөніндегі проректоры Назгүл Айдарғалиева Үндістанның Қазақстандағы елшісі Я.К. Сайлас Тангал, сондай-ақ халықаралық серіктестер, институт ғалымдары қатысты.
Жоба Қазақстан мен Үндістан арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту аясында жүзеге асырылып отыр. Зертхана академиялық ғылымды, заманауи ғылыми құрал-жабдық жасауды және материалтану саласындағы өнеркәсіптік қолданбаларды байланыстыратын буынға айналуды мақсат етеді. Сонымен қатар жаңа зертхана материалтану, нанотехнология және қолданбалы зерттеулер саласында ғылыми жұмыстар жүргізуге арналған заманауи алаң болмақ. Оның негізгі міндеттері – озық материалдарды зерттеу, технологияларды өнеркәсіпке енгізу, сондай-ақ студенттер мен жас ғалымдарды даярлау.
«Бұл – тек жаңа ғылыми инфрақұрылымның іске қосылуы ғана емес, сонымен қатар Қазақстан ғылымының жаңа сапалы деңгейге көтерілуінің айқын көрінісі. Біз серіктестерімізге, атап айтқанда RI Instruments and Innovation компаниясына және барлық халықаралық әріптестерімізге сенім мен қолдау үшін алғысымызды білдіреміз. Біз үшін бұл серіктестік өзара сенімге, тәжірибе алмасуға және ортақ мақсаттарға негізделген. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертхана материалтану мен нанотехнология саласында жаңа мүмкіндіктер ашып, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады деп сенеміз», - деді ЕҰУ-дың Қаржы және инвестициялар жөніндегі проректоры Назгүл Айдарғалиева.
Аталған зертхана Қазақстан мен Үндістан арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі.
«Қазіргі қарқынды технологиялық даму дәуірінде наноматериалдар заманауи ғылымның негізгі тірегіне айналды. Бүгін ашылған Озық материалдар зертханасы Қазақстан зерттеушілеріне Үндістанда әзірленіп, өндірілген спектроскопиялық құралдарды пайдалана отырып, материалтану саласындағы білімдерін тереңдетуге, сондай-ақ түрлі бағыттардағы ғылыми зерттеулер мен инновацияларды жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл құралдардың әлемде теңдесі жоқ екенін де атап өтемін. Бүгінгі ашылу – бұл тек жаңа зертхананың іске қосылуы ғана емес, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктердің, жаңа серіктестіктердің және Үндістан мен Қазақстан арасындағы технологиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастамасы», - деді Үндістанның Қазақстандағы елшісі Я.К. Сайлас Тангал.
Физика-техникалық ғылымдар институтының директоры Ерік Нұрмолдинның айтуынша, басты мақсат – іргелі және қолданбалы зерттеулерді ұштастыра отырып, нақты өндірістік шешімдерге шығу, отандық және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті технологиялар әзірлеу. Сонымен қатар, бұл зертхана жас ғалымдар мен студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына айналмақ.
«Бүгінгі Озық материалдар зертханасының ашылуы – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі әрі Қазақстан мен Үндістан арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Бұл жоба тек жаңа зертхананың іске қосылуы ғана емес, сонымен қатар ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайтатын маңызды қадам», - деді институт директоры.
Директордың айтуынша, зертхананың маңызды құрамдас бөлігі – RIMS (Raman Integrated Measurement System) жүйесі. Бұл технология материалдарды бұзбай талдауға, раман спектроскопиясын жүргізуге және графен мен көміртекті наноматериалдардың қасиеттерін жоғары дәлдікпен зерттеуге мүмкіндік береді. Жүйе Rajendra Pd Joshi жетекшілігімен әзірленген.
Озық материалдар зертханасы өңірдегі материалтану және нанотехнология саласындағы жетекші ғылыми орталықтардың біріне айналары анық.
Іс-шара аясында халықаралық ғылыми семинар ұйымдастырылып, шетелдік ғалымдар: Pennsylvania State University (АҚШ) профессорлары Slava (Vyachestav) Ratkin, Igor Aronson және үндістандық ғалым, RI Instruments and Innovation басшысы Dr.Rajendra Joshi баяндама жасады.
