
ЕҰУ Директорлар кеңесі ғылыми кітапхана жұмысымен танысты











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай және ЕҰУ басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов бастаған кеңес мүшелері, проректорлар университеттің ғылыми кітапханасына арнайы барып, кітапхана жұмысымен танысты.
Кездесу барысында ғылыми кітапхананың оқу үдерісіндегі рөлі, студенттердің білім алуына жасалып жатқан мүмкіндіктер және кітап қорын дамыту мәселелері талқыланды. Дархан Мыңбай кітапхананың университет өміріндегі маңызына тоқталып, білім мен ғылымды дамытуда кітапханалардың орны ерекше екенін атап өтті.
«Білім, ғылым, мәдениеттің негізі – кітапханада. Кітапхана қызметі көзге көрінбегенімен, мазмұны күрделі және жауапкершілігі жоғары сала. Кітапханашылар тек оқырманға кітап ұсынумен шектелмейді, олар дерек қорын жүйелейді, ақпаратты саралайды, қажет мәліметті дәл таба білетін кәсіби талдаушы маман болуы тиіс. Бұл үздіксіз білім мен жоғары біліктілікті талап етеді» -деп атап өтті Дархан Мыңбай.
Сонымен қатар ол кітапхана қызметкерлерінің еңбегіне ризашылығын білдіріп, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызды екеніне тоқталды. Әсіресе, кітап ісінің жаңа бағыттары, оқырман мәдениетінің өзгеруі және цифрлық дәуірдегі оқу үрдісінің ерекшеліктері жайлы шетел университеттерінің кітапханасынан нақты мысал келтіре отырып айтып берді.
Кездесу барысында білім беру мен ғылыми үдерісті ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында кітапхананың автоматтандырылған жүйесі, қорды сақтау жағдайы, университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау қызметі, сондай-ақ цифрлық ресурстар мен электрондық деректер базалары таныстырылды. Сонымен қатар Серік Қирабаев атындағы коллекциялық қорлар, көркем әдебиет басылымдары абонементінің қызметі мен жұмыс жағдайы, Америка бұрышының мүмкіндіктері және сирек кітаптар қоры көрсетілді. Бұдан бөлек білім алушылар мен оқытушы-ғалымдарға арналған сервистер, Ақселеу Сейдімбек атындағы ғылыми залдың қоры және Әлкей Марғұлан атындағы ғалымдар залы туралы мәлімет берілді.
Кездесу еркін форматта өтіп, Директорлар кеңесінің мүшелері және ЕҰУ ғылыми кітапханасының қызметкерлері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Олар кітапхана қызметін жетілдіру, жаңа жобаларды жүзеге асыру, студенттерге қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, сондай-ақ Smart-кітапхананы дамыту перспективалары мен инфрақұрылымдық қажеттіліктер жөнінде ой бөлісті.
«ЕҰУ ғылыми кітапханасы – студенттердің білімін тереңдетіп, ғылымға бет бұруына жол ашатын маңызды рухани орталық. Мұнда жастардың ізденіп, жаңа білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл студенттер мен зерттеушілердің оқу процесін ыңғайлы ұйымдастыруына мүмкіндік беріп отыр», - деді ЕҰУ ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев.
Шара барысында Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай және университет ректоры Ерлан Сыдықов ғылыми кітапханаға кітаптар сыйлады.
