
«Ұрпақтар диалогы» жобасы ЕҰУ Күміс университетінің Дискуссия клубында талқыланды







Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Күміс университеті Дискуссиялық клубында Үздіксіз білім беру институтының «Ұрпақтар диалогы» жобасы талқыланды.
Баяндамалармен «Күміс университет» жобасының кураторы, Үздіксіз білім беру институтының аға маманы Райхан Баймагомбетова және Күміс университеті Дискуссиялық клубының жетекшісі, Саясаттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Марина Онучко сөз сөйледі.
Баяндамалар барысында «Күміс университет» жобасының 2021 жылдан бері табысты жүзеге асырылып келе жатқаны және оның егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік белсенділігі мен білім алуға қатысуын кеңейтуге бағытталғаны атап өтілді. 2025 жылы Қазақстан Күміс университеттер қауымдастығының құрылтай құжаттарына қол қойылып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Үшінші жастағы университеттердің халықаралық қауымдастығының президенті, профессор Франсуа Веллас қатысқан «Eurasian Silver Forum: белсенді ұзақ өмір және 50+ білім беру» атты халықаралық форум өткізілді.
Дәл осы форум аясында аға буын өкілдері мен жастардың бірлескен жобалық қызметін дамыту идеясы ұсынылып, ол «Ұрпақтар диалогы» жобасының бастамасына негіз болды. Жоба ұрпақтар арасында біліммен, тәжірибемен және құндылықтармен алмасуға, әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті дамытуға арналған тұрақты білім беру және коммуникациялық алаң құруды көздейді.
М. Онучко баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды. Ол Күміс университет тыңдаушысы Ынты Жармұхамедова өміріндегі нақты оқиғаға арналды. «Білім тарихы» музейіндегі сабақ барысында ол өзінің арғы атасы – ағартушы, қоғам қайраткері Ахмет ишан Оразайұлының фотосуретін кездейсоқ тауып алған.
Талқылау қорытындысы бойынша «Ұрпақтар диалогы» жобасын жүзеге асыруға белсенді қатысу, сұхбаттар мен тарихи-өмірбаяндық материалдар дайындау, сондай-ақ университеттің 30 жылдығы мен Күміс университеттің 5 жылдығына арналған мерейтойлық брошюраны шығаруға қолдау көрсету туралы шешім қабылданды.
«Ұрпақтар диалогы» жобасы ұрпақтар арасындағы өзара байланысты нығайтуға, тарихи жадты сақтауға және университет қауымдастығын дамытуға маңызды үлес қоспақ.
