
ЕҰУ-да «Елорда жастары - заң мен тәртіп үшін» форумы өтті













Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Астана қаласы Полиция департаменті ұйымдастыруымен «Елорда жастары – Заң мен тәртіп үшін» атты форум өтті.
Шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жастарды киберқылмыс, есірткі қылмысы секілді қауіп-қатерлерден қорғау.
Кездесуге Астана қаласы Полиция департаментінің өкілдері қатысып, сталкингке нөлдік төзімділік қалыптастыру, жастардың киберқылмысқа тартылмауы, құқықтық мәдениеттің маңызы мен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері туралы айтты. Сонымен қатар жастардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
«Астана қаласының Полиция департаменті жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық сананы қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Биылдан бастап елордалық полиция 800-ден астам профилактикалық іс-шара өткізді.
Біздің басты мақсатымыз – қылмысқа тек әрекет ету емес, ең алдымен оның алдын алу. Полиция қоғаммен бірге болуы тиіс: уақытылы ескертіп, қорғап, жастарға дұрыс таңдау жасауға көмектесу үшін», – деді Астана қаласы ПД бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин.
Форумның арнайы қонақтары ретінде UAE SWAT Challenge 2026 халықаралық жарысының жеңімпаздары - Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ) қызметкерлері қатысты. Полиция подполковнигі, әйелдер ұлттық құрамасының капитаны Айнагүл Байжігітова, полиция майорлары Мөлдір Атанай мен Елдос Сартай студенттерге қызмет жолы, халықаралық жарыстарға қатысу тәжірибесі, тәртіп пен патриотизмнің маңызы жөнінде әңгімеледі.
Шара барысында ЖҚАЖ арнайы бөлімінің жауынгерлері өзін-өзі қорғау бойынша шеберлік сағатын өткізіп, студенттерге жеке қауіпсіздіктің негізгі тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданылатын заманауи технологиялар таныстырылды. Қатысушылар интеллектуалды бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктерін көріп, полиция тәжірибесінде қолданылатын инновациялық әзірлемелермен, соның ішінде жаңа технологиялық құрал – «робот иттің» мүмкіндіктерімен танысты.
Форум соңында студенттермен сұрақ-жауап сессиясы өтті.
