
Қырғызстандағы ЕҰУ филиалында Жүсіп Баласағұнның 1010 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті













Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Қырғыз Республикасындағы филиалында түркі халықтарына ортақ тұлға, ойшыл, ақын Ж.Баласағұнның туғанына 1010 жыл толуына орай «Орталық Азия халықтарының дамуындағы ежелгі қолжазбалар және олардың халықаралық кеңістіктегі рөлі: тіл, әдебиет, мәдениет және білім беру мәселелері» (XI-XXI ғасыр аралығы) атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды.
Конференцияның ашылу салтанатында Ош мемлекттік университетінің ректоры, профессор Кудайберди Кожобеков пен Қазақстанның Ош қаласындағы Бас консулы Мұхтар Кәрібай құттықтау сөз сөйлеп, ғалым Ж.Баласағұн еңбектерінің сан қырлылығы мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі құндылығы, түпнұсқасы мен аударылуы туралы талдап өтті.
Конференцияға Қазақстанның Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары мен докторант-магистранттары, сондай-ақ Қырғыз Республикасының университтері мен Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Наманган, Ферғана, Андижан қалаларындағы ЖОО-ларынан да ғалымдар онлайн және офлайн түрінде қатысып, конференция тақырыбына сай мазмұнды баяндамалар тыңдалып, жақсы пікір алмасу алаңы болды.
Конференцияның секциялық жұмыстарында ЕҰУ-дың филология факультетінің магистранттары Ш.Кажетерова: «Көне түркі жазбаларындағы көркемдік дәстүрдің қазіргі еркін өлеңдердегі көрінісі», З. Сыдық: «Қазақ және моңғол халық ертегілеріндегі «жолға шығу» мотивінің типологиялық ерекшеліктері», Т. Ахметбекова: «Әдеби шығарманы оқытуда функционалдық сауаттылықты дамытуға арналған тапсырмалардың құрылымдық моделі (Б. Майлиннің «Қара шелек» әңгімесінің негізінде)», Ә. Бақтығали: «Әдебиетті оқытудағы ықпалдастықтың маңызы» тақырыптарында баяндамалар жасап, түркі дүниесіне ортақ құнды ізденістерімен бөлісті.
Халықаралық конференция әлемдік білім, әдебиет пен мәдениет кеңістігінде «Құтты білік» дастаны арқылы тарихта қалған ойшыл, ұстаз, мемлекет қайраткері, ғалым Ж.Баласағұн еңбектерінің ғылыми құндылықтары арқылы түйінделді.
