
ЕҰУ APAIE-2026 халықаралық білім беру қауымдастығының ірі форумына қатысты















2026 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) жоғары білім беруді интернационалдандыру саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі – Азия-Тынық мұхиты халықаралық білім беру қауымдастығының жыл сайынғы APAIE-2026 конференциясы мен көрмесіне төртінші рет қатысты. Бұған дейін университет APAIE-2023 (Бангкок), APAIE-2024 (Перт) және APAIE-2025 (Нью-Дели) форумдарына қатысқан болатын.
Көрмеде ЕҰУ-ның ресми делегациясын Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Комекбаев Ермек Сержанович және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас маманы Жалғасов Ерлен Өтемісұлы таныстырды. Іскерлік бағдарлама аясында олар Азия, Еуропа, Солтүстік Америка және Аустралия елдерінің университет өкілдерімен ондаған екіжақты кездесулер мен келіссөздер өткізді. Кездесулер барысында академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, қос диплом бағдарламаларын іске асыру және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.
APAIE көрмесіне қатысу университеттің интернационалдандыру стратегиясының жүйелі құрамдас бөлігі болып табылады. Алдыңғы форумдарда орнатылған әріптестіктердің нәтижесінде 2024–2026 жылдары ЕНУ-де Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келген студенттер білім алды, ал университет білім алушылары Индонезия, Малайзия, Жапония университеттерінде, сондай-ақ Еуропа мен АҚШ жоғары оқу орындарында қысқа мерзімді және семестрлік академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша оқу мүмкіндігіне ие болды. Бағдарламалардың бір бөлігі университетаралық келісімдер аясында өтеусіз негізде жүзеге асырылуда.
APAIE халықаралық білім беру саласындағы әлемдегі ең ірі үш қауымдастықтың қатарына кіреді және NAFSA мен EAIE ұйымдарымен қатар аталады. 2026 жылы форум шамамен 3 000 қатысушы мен әлемнің 300-ден астам университетін біріктірді. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Корея Республикасы, Жапония, Үндістан, Түркия, Аустралия және Еуропа елдерінің жетекші жоғары оқу орындары бар.
Іс-шара бағдарламасына тұрақты даму, цифрлық трансформация және жоғары білім берудегі жаһандық әріптестік мәселелеріне арналған стратегиялық сессиялар, сарапшылық панельдер мен тақырыптық семинарлар енгізілді.
APAIE-2026 қорытындысы бойынша ЕҰУ шетелдік серіктестер желісін кеңейтуді, академиялық ұтқырлық бағдарламаларының санын арттыруды, сондай-ақ бірқатар университеттер мен ұйымдармен жаңа ынтымақтастық келісімдеріне қол қоюды жоспарлап отыр.
ЕҰУ Тұрақты даму саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып, білім беру сапасының халықаралық стандарттары мен тұрақтылық қағидаттарын өз қызметінің барлық бағыттарына енгізуде. Негізгі халықаралық форумдарға белсенді қатысу университеттің жаһандық академиялық кеңістіктегі орнын нығайтуға және қазақстандық жоғары білімді халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған стратегиялық ұстанымын айқындайды. Бүгінде ЕҰУ шетелдік студенттер саны бойынша Қазақстан университеттері арасында көшбасшылар қатарындағы позициясын сақтап, әріптестік географиясын жыл сайын кеңейтуде. APAIE, NAFSA және EAIE сияқты халықаралық алаңдар университеттің жаһандық білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді құралы болып табылады.
