
Жастарға арналған «Елдік дәрістер»

Еуразия ұлттық университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Елдік дәрістер» басталды.
Танымдық жобаның мақсаты – әр саланың мықты, майталман профессорлары мен оқытушыларының ғибратты әңгімелерін, танымдық ақпараттарын білім алушыларға жеткізіп, ой түю, келелі әңгіме-дүкен құру.
Ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты шыңдап, студенттердің білім көкжиегін жетілдіруді көздейтін алғашқы «Елдік дәрісті» филология ғылымдарының докторы, ақын, білікті ұстаз – Оңайгүл Тұржан оқыды.
«Жастар және жастардың қоғамдағы рөлі» тақырыбын таңдаған Оңайгүл Ізтұрғанқызы ортаға бірнеше тосын сауалдар тастады. Ол сауалдар жастар тарапынан қызу талқыға түсіп, тыңдаушылардың бір бөлігі айтылған пікірге қосылса, енді бір топ келіспей жатты. Біз мұны «Елдік дәріске» келген студенттер тек тыңдаумен ғана шектелмей, кері байланыс орната білуі деп ұғындық.
Ақын, ғалым, ұстаз Оңайгүл Ізтұрғанқызы дәріс барысында Тәуелсіздік жолындағы жастардың үлесі және олардың егемен елдің ертеңі мен білім-ғылымға қосып жатқан еңбектері жайлы әңгімеледі. Дәрістен соң жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, сауалдарына тұшымды жауап таба білді. Шараға университетіміздің барлық факультеттерінен студенттер қатысып, зерделі әңгімеден сусындады. Кездесу соңында Оңайгүл Тұржан ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, дәрісін қорытындылады.
«Еуразия ұлттық университетінде дәстүрге айналған Елдік дәрістер» енді қалыптасып келе жатқан жастарға оқу-білімді, ғылым-ілімді тереңірек ізденуге, өзінің мамандығын сүюге, елге, халыққа шын ынтамен қызмет қылуға үйретеді», - деп атап өтті ғалым.
Естеріңізге сала кетейік, желтоқсан айының ортасына дейін жалғасатын «Елдік дәрістерді» ҚР ҰҒА академиктері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары және т.б. тұлғалар оқитын болады.
Jastar департаменті