ЕҰУ физика-техникалық факультеті - еліміздің жоғары оқу орындары арасында физика саласында мамандар даярлау бойынша жетекші факультет
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде физика-техникалық факультетінің 15 жылдығына арналған «Ғылым және бизнес: даму жолдары» атты дөңгелек үстел өткізді. Онда инновациялық даму контекстіндегі ғылым мен бизнестің өзара әрекеттесуінің маңызды аспектілері талқыланды.
Дөңгелек үстелді стратегиялық даму жөніндегі проректор Думан Айтмагамбетов құттықтау сөзімен ашылды. Өз сөзінде ол физика-техникалық факультеттің ғылыми зерттеулер мен инновациялар орталығы ретіндегі маңызын және оның Қазақстанның ғылыми және өнеркәсіп салалары үшін жоғары білікті мамандарды даярлаудағы рөлін атап өтті.
Д. Айтмағамбетов ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтауын оқыды:
«Физика-техникалық факультеті 15 жыл ішінде үлкен жолдан өтті. Әлемдік деңгейде танымал және жетекші ғалымдар шоғырланған факультетке айналды, әсіресе білім саласында, физикалық ғылым бағыттарында қарқынды алға жылжуда. Ал халықаралық стратегиялық әріптестікті дамытуда заманауи білім беру технологияларын енгізуде. Сонымен қатар еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы физика саласында мамандар дайындайтын көшбасшы факультет болып табылады. Бүгінгі таңда физика мен техникалық мамандықты бітірген түлектеріміз еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етуде. Физика-техникалық факультетінде ұйымдастыру, оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстары жоғары деңгейде орындалса, соның ішінде ғылыми жетістіктерін ерекше атап өтуге болады. Мәселен, 2023 жылдың нәтижесі бойынша факультеттің табысы 3 млрд теңге құрады, оның тең жартысы ғылыми-зерттеу жұмыстарының еншісінде. Сондай-ақ 2023 жыл бойынша халықаралық деректер қорындағы басылымдар саны 215 құрады. Бұл бір факультет үшін жақсы жетістік және үлкен бедел әрі мәртебе».
Әсіресе, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және «Қорғаныс-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ арасында консорциум құру туралы келісімге қол қою, сондай-ақ «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ-мен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою маңызды оқиғалар болды.
«Бұл келісімдер болашақта ғылыми зерттеулер саласындағы бірлескен жобалардың негізі болады», - деп атап өтті физика-техникалық факультет деканы Ерік Нурмолдин.
Іс-шара аясында жетекші ғалымдар мен мамандар технологиялар саласындағы заманауи бағыттар бойынша баяндамалар жасады. Атап айтқанда, натрий-иондық батареялар үшін жаңа материалдарды әзірлеу және светодиодтық жарықтандыру үшін инновациялық люминесценттік өзгерткіштер туралы баяндамалар ұсынылды.
Іс-шара соңында факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің факультеттің дамуына қосқан үлестері үшін марапаттау рәсімі өткізілді, факультет деканы атынан «Физика-техникалық факультет 15 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ физика-техникалық факультетінің 15 жылдығын атап өтетін «Ғылым және бизнес: даму жолдары» дөңгелек үстелі ғылым мен бизнестің ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, инновациялық экономиканы құрудағы бұл өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Физика-техникалық факультетінің 15 жылдығына орай факультеттің серіктестік қатынастары мен іскерлік ынтымақтастығын қалыптастыруға үлесі үшін бір топ компания өкілдері «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықовтың Алғыс хатымен марапатталды. Олардың арасында «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ Басқарма төрағасы Айдын Айымбетов, «Ghalam» ЖШС Басқарма төрағасы – Бас диркторы Қайыржан Қожаев, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ Басқарма төрағасы – Бас директоры Мәлік Жүйріктаев, «LED System Media» ЖШС Бас директоры Амангелді Таукенов, «ASTEL» АҚ Президенті Владимир Бреусов, тағы басқалар бар. Дәл осындай марапатқа және «Физика-техникалық факультетіне 15 жыл» мерекелік төсбелгісіне ЕҰУ-дың бір топ қызметкерлері ие болды.