ЕҰУ-да «Тең мүмкіндіктер» атты бос орындар жәрмеңкесі өтті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ЕҰУ Инклюзивті қолдау орталығы және карьера және бизнес-әріптестік бөлімімен бірлесіп ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі түлектерге арналған «Тең мүмкіндіктер» атты бос орындар жәрмеңкесі өтті.
ЕҰУ-дың Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләзат Нұрқатова бос орындар жәрмеңкесін аша отырып, бүгінгі шара ерекше форматта өткенін атап өтті.
«Бүгінгі жәрмеңкенің ерекшелігі – үміткерлерді жұмыс берушілер емес, ЕҰУ түлектерінің өзі қалауларына қарай таңдау жасайды. Мәселен, жұмыс берушілер түлекке өздері жақындап, әңгімелесу өткізіп, олардың түйіндемесімен танысады.Түлектерге ұнаса, өтінішін береді. Біздің университетте мүмкіндігі шектеулі 162 студент оқиды, оның 26-сы биыл бітіреді. Айта кету керек, ЕҰУ-да мүмкіндігі шектеулі студенттерге көп көңіл бөлінеді. Осы санаттағы білім алушылар үшін кедергісіз ортада дамудың қолжетімділігін қамтамасыз ететін инклюзивті қолдау орталығы құрылған, - деді Л.Нұрқатова.
Жәрмеңке барысында Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Олжас Омар түлектерге жұмысқа орналасу тәртібі және өз ісін ашу үшін мемлекеттік гранттар алу тәсілдері туралы айтып берді.
Сондай-ақ, Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ мамандары түлектерді жұмысқа орналастыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар туралы хабардар етті.
Іс-шара аясында Алтыншаш Матаева мен Айгүл Төлеуова өткізген «Мен және кәсіп» және «Табысты жұмысқа орналастыру» психологиялық тренингтері ұйымдастырылды.
Айта кету керек, жәрмеңкеге қатысқан түлектердің 40 пайызы жұмысқа орналастырылған.
Жұмысқа шақыруды алғашқылардың бірі болып ЕҰУ әлеуметтік ғылымдар факультетінің дене шынықтыру және спорт кафедрасының 4 курс студенті Ерсұлтан Исмат алды.
«Мен Бос орындар жәрмеңкесіне қатыстым және бірден өз мамандығым бойынша лайықты жұмыс таптым, бұл мен үшін өте қуанышты жағдай болды. Жұмыс беруші менімен әңгімелесу өткізіп, бірден жұмысқа қабылдау туралы бұйрықты ресімдеді. Қазір мен Оңалту орталығының қызметкерімін. Өздеріңіз білетіндей, мүмкіндігі шектеулі түлектерге кейде өз мамандығы бойынша жұмыс табу қиын. Сондықтан жәрмеңке ұйымдастырушыларына қоғамда сұранысқа ие болуға осындай тамаша мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын», - деп өз әсерімен бөлісті Ерсұлтан Исмат.
Жәрмеңке қорытындысы бойынша ЕҰУ түлегі таңдаған бірінші жұмыс беруші естелік сыйлыққа ие болды, сонымен қатар басқа да белсенді жұмыс берушілер марапатталды.